August 28

Есептеуіш көрсеткішін алу үшін енді бақылаушының келуі шарт емес: NB-IoT ресурстарды есепке алу тәсілін қалай өзгертуде

Мыңдаған есептеуіш дұрыс жұмыс істеп тұрса да, бизнесті өзекті деректерсіз қалдыруы мүмкін. Себебі қарапайым: көрсеткіштерді қолмен жинау қажет. Бақылаушы нысанға барып, пәтерге, жертөлеге немесе құдыққа кіруге рұқсат алып, сандарды белгілеп, оларды жүйеге енгізуге мәжбүр. Егер кіру мүмкіндігі болмаса, деректер кешігеді. Егер нысан шалғайда орналасса, бір көрсеткіш үшін арнайы барып қайту қажет болады.

NB-IoT бұл тізбектен нысандарды үнемі аралап шығу қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді. Бұл — жылдам интернетті қажет етпейтін есептеуіштер, датчиктер және басқа құрылғыларға арналған мобильді байланыс стандарты. Олар қысқа хабарламаларды тасымалдайды: көрсеткіштер, қуат деңгейі, бөгде араласу немесе ауытқу туралы белгі.

Деректер жүйеге қалай түседі

Құралға NB-IoT модулі мен SIM-карта орнатылады. Есептеуіш көрсеткішті тіркеп, оператор желісі арқылы есепке алу платформасына немесе тікелей кәсіпорынның ақпараттық жүйесіне жібереді. Онда деректерді төлем есептеу, талдау және автоматты хабарламалар жіберу үшін пайдалануға болады.

Деректерді беру көлемінің шағындығы мұнда басты артықшылыққа айналады. Құрылғы уақыттың басым бөлігінде энергия үнемдеу режимінде болады, сондықтан оңтайлы жағдайда бір батарея он жылға дейін жетеді. Beeline Business деректері бойынша, бір NB-IoT базалық станциясы 100 мыңға дейінгі қосылымды қамтамасыз ете алады. Нақты көрсеткіштер жабдыққа, баптауларға және сигналдың сапасына байланысты болады.

Бизнес не ұтады

●     бір ғана көрсеткіш үшін нысандарға жүйелі түрде бару саны азаяды;

●     филиалдар, нысандар және өңірлер бойынша өзектірек деректер қолжетімді болады;

●     әдеттен тыс өзгерістерді тезірек байқап, қызметкерлерді шынымен тексеру қажет жерге бағыттау мүмкіндігі туады;

●     құрылғылардың үлкен паркін бірыңғай бақылау және жобаны кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігі пайда болады.

Нәтиже компанияның көлеміне емес, процеске байланысты. Шағын бизнеске бірнеше датчик тоңазытқыш жабдығының температурасын немесе шалғайдағы ғимараттың жай-күйін бақылауға көмектеседі. Ірі кәсіпорынға бұл технология ондаған мың құралды бірыңғай жүйе ретінде басқаруға мүмкіндік береді.

Технология Қазақстанда қазірдің өзінде қолданылуда

Қолданыстағы ең ірі мысалдардың бірі — QazaqGaz Aimaq жобасы. Қостанай облысындағы пилоттық жобадан кейін шешім өндірістік ауқымға көшті: бүгінде бес қалада 110 мыңға жуық газ есептеуіші NB-IoT-қа қосылған. Құралдар күн сайын көрсеткіштерді автоматты түрде береді, ал компания нысандарды үнемі аралап шықпай-ақ нақты тұтыну туралы деректерді алады.

Шымкент су арнасында 30 мыңнан астам есептеуіш деректерді қашықтан жібереді, оның ішінде құдықтарда, жертөлелер мен паркингтерде орнатылғандары да бар. Шағын жобалар да бар: «Алматы Су» пилоты 24 пәтерді қамтыды, ал Көкшетаудағы шешім 52 SIM-картадан басталып, 140-тан астам су есептеуішіне дейін жетті.

Келесі ауқымды кезең Қызылорда облысында жоспарланған: бес жыл ішінде газ есептеуіштерінің көрсеткіштерін беру үшін 152 мың SIM-картаны қосу көзделіп отыр. Жоба форматы NB-IoT-тың ресурстарды есепке алудың ұзақмерзімді инфрақұрылымының бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Барлық есептеуішті бірден ауыстыру қажет емес

Жаңартылған суды есепке алу аспаптарын пайдалану қағидалары NB-IoT-ты деректерді сымсыз берудің базалық технологиясы ретінде айқындайды. Бұл ретте бұрын орнатылған жарамды жабдық қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істей алады.

Сондықтан көшуді жаңа сатып алулармен, нысандар құрылысымен және құралдарды жоспарлы ауыстырумен үйлестірген қисынды. Аралап тексеру ең қымбатқа түсетін немесе деректер жиі кешігетін нүктелерден бастауға болады.

Жобаны артық шығынсыз қалай іске қосуға болады:

●     пилот үшін шектеулі сценарийді таңдау;

●     қамту аймағын, жабдықтың үйлесімділігін және деректерді беру жиілігін тексеру;

●     биллингпен, есепке алу немесе диспетчерлік жүйемен интеграцияны баптау;

●     толық құнын есептеу: құралдар, байланыс, платформа, интеграция және қызмет көрсету;

●     нысандарға бару санының азайғанын және деректердің тезірек түсе бастағанын бағалау;

●     шешімді нәтиже расталғаннан кейін ғана кеңейту.

NB-IoT өздігінен есептеуішті ақылды етіп жібермейді. Сенімді желі, үйлесімді құралдар және клиент жүйесі көрсеткіштерді күнделікті шешімдердің негізіне айналдырған кезде ғана нақты пайда әкеледі. Beeline Business NB-IoT желісінің жұмысын қамтамасыз етеді, қосылымдарды басқарады және жабдық өндірушілерімен әрі интеграторлармен бірге шешімді кеңейтуге көмектеседі.

Қашықтан есепке алудың нақты сіздің бизнесіңізге қай тұста пайда әкелетінін түсінгіңіз келе ме? Пилоттық жобаны Beeline Business командасымен бірге талқылаңыз.